Хабар телеарнасы

Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөзге қатысты мәлімдеме жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтетін Әзербайжан мен Арменияның келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің Сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді. Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді.